Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткен. Бұл –
әлемдік орташа деңгейден жоғары көрсеткіш. Еліміздегі жалпы өлім-жітім 3%
төмендеді. Былтыр алғаш рет ана мен бала өлімі ең аз көлемде тіркелді. Бұл
жөнінде Мемлекет басшысына денсаулық сақтау министрі баяндады. Ақмарал
Әлназарованың дерегінше, былтырмен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы 19% азайған.
Мемлекет басшысы елді мекендердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету
нысандарының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау, міндетті медициналық сақтандыру
жүйесін тиімді ету, аса маңызды дәрі-дәрмектердің отандық өндірісін дамыту және
медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша бірқатар міндет
жүктеді.

