Коронавирус инфекциясы әлі де өршіп тұр. Әлемде эпедемиологиялық ахуал күрделі. Елімізде де қатерлі індеттің таралу қарқыны артып келеді. Күн сайын COVID-19 жұқтырғандар саны өсуде. Сондықтан мамандар адамдарды алдын алу шараларына аса көңіл бөлуге шақырады.
Әсіресе, әлеуметтік қашықтықты сақтап, халық көп шоғырланатын жерлерге бармауға тырысқан жөн. Ауаны тазартып, вирустан қорғанатын құралдармен қамданып алған дұрыс. Қолды жуып жүруді ұмытпаған абзал. Жөтелген кезде ауыз бен мұрынды шынтақпен жабу керек. Бұл қарапайым сақтық ережелері. Мамандар ауру белгілері пайда болса, бірден дәрігерлерге қаралу керек деген кеңес береді.
ҚУАНЫШ ӘЛІМБЕТОВ, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МАМАНЫ:
- Әрине денсаулықты үнемі бақылауда ұстап, тексеріп отыру қажет. Мәселен, сізге суық тиіп, тыныс алу жүйеңіз тарылса, жөтелдің алғашқы белгілері пайда болған сәттен дәрігерге қаралу керек. Өздігінен емделемін деген ойдан аулақ болу керек. Себебі оның кесірі ауыр тиюі мүмкін. Себебі неден және қалай емделу керектігін көбі жақсы біле қоймайды. Аурудың алдын алу үшін қорғаныш шараларын сақтау керек. Әсіресе, мына пандемия кезінде аса сақ болып, ауырмаудың жолын тапқан дұрыс. Мен алдағы уақытта қатерлі індетті жеңетінімізге сенімдімін. Ол үшін бәріміз жұмылуымыз қажет және әрбіріміз ережелерді елеуге мән беруіміз керек.
Сондай-ақ мамандар қоғамдық орындарда орналасқан заттар мен бет тұсына мейлінше қол тигізбеуге тырысыңыздар деп отыр. Себебі ауру заттар арқылы да тарайтыны дәлелденген. Сондай-ақ дәстүрлі қол алысып амандасудан уақытша бас тартқан жөн. Жалпы эпедемиологиялық ахуал оңалғанға дейін ережелерді қатаң сақтаған абзал.