Қазақстанда коронавирустың таралуы төмендеп келеді. Мұндай жағымды жаңалықпен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бөлісті. Оның айтуынша, елдегі қатерлі індетке қатысты эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақтанды. Вирустың репродуктивті индексі 1-ге дейін төмендеді. Инфекциялық төсек орындардың жүктелуі 41%, реанимациялық төсек орындар 28% толы.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Науқастанудың динамикасы наурыз айының соңындағы 46%, өсім қарқынының өткен апта ішінде 8% дейін төмендеуімен сипатталады. Соңғы аптада оның алдындағы аптамен салыстырғанда өлім-жітім өсімі 30% 8-ге дейін төмендеді. Ахуалдың айтарлықтай тұрақтануы байқалады. Өңірлер аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып шектеу іс-шараларын түзетуді және қабылдауды жалғастыруда.
Министрдің дерегінше, науқастану көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингтегі 221 елдің ішінде Қазақстан 108-ші, ал өлім-жітім бойынша 107-ші орында тұр. Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин эпидемиологиялық ахуалды жақсартудың қамында халықты жаппай вакциналау науқанында азаматтарды екпемен жеткілікті көлемде қамтудың маңыздылығын атап өтті.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Сәуір айының қорытындысы бойынша вакциналауға жататын азаматтардың 20% коронавирусқа қарсы екпе алуы тиіс. Вакциналау жоспары мен өңірлерге вакцинаны жеткізу графигін сақтау керек. Сондай-ақ маска кию, қашықтықты сақтау және адамдардың көптеп жиналуына жол бермеу бойынша талаптардың қатаң сақталуы маңызды.
Сондай-ақ Премьер-Министр ел аумағында «Ashyq» қосымшасын кеңінен іске қосу кәсіпкерліктің тұраламауына серпін болатынын айтты. Енді оның аясында театрлар, кинотеатрлармен қатар дәмханалар, мейрамханалар, сауда-ойын-сауық орталықтары мен спорт нысандарының жұмысы қайта жанданатын болады. 27 сәуірдегі мәліметке сәйкес, жоба қатысушыларының жалпы саны – 1 658, ал қосымшаны қолданушылар 378 мыңнан астам адамды құрайды.