Қазақстанда алдағы 4 жылдың ішінде бірқатар әлеуметтік нысан бой түзейді. Жаңадан салынатын ғимараттардың жалпы құны 261 млрд теңгеден асады деп бағаланған. Олардың іргесі мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы көтерілмек. Бұндай деректерді Үкіметтің баспасөз қызметі келтірді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов осыған қатысты 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы қаулыға қол қойды. Аталған құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобаларына инвестициялардың 30% мемлекет тарапы, қалған 70% жеке серіктес тартуы керектігін баса айтты.
Жоспарда жоғары
білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және білім беру
салалары бойынша жалпы 43 объект қамтылған. Бұл қатарда студенттік жатақханалар, емханалар мен оңалту
орталықтары, оқу-сауықтыру орталықтары мен спорт залдары және оқушылар сарайлары, өнер
мектептерін ашу жоспарланған.
Динара Әлімова,
Премьер-Министрдің баспасөз хатшысы:
-Сондай-ақ
мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытудың кешенді жоспары аясында жаңадан 3 емхана мен 3 оңалту орталығы, 8
спорт залын 5 оқу-сауықтыру орталығы, 5 оқушылар сарайы және 10 өнер мектебі ашылады.
Құрылыс тындырылған соң серіктестер салған нысандарды өздері басқарады. Яғни, жаңа ғимараттарға 10 жыл бойы техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндеттеледі. Барлығына бірдей қойылатын негізгі талап осы. Алайда, бұл нысандар пайдалануға берілгеннен кейін бірден мемлекеттік меншікке өтеді.