Қазақстан мен Түркия енді өзара тасымалдар бойынша электрондық түрде ақпарат алмасады. Бұл елдердің шекарасын кесетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты болмақ. Сенат оның тәртібін айқындайтын заңды мақұлдады. Бұның нәтижесінде кедендік бақылау рәсімдерінің мерзімдері қысқарып, тексерістен босату және өзге кедендік рәсімдерді жеңілдету көзделіп отыр. Яғни, құжат кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етіп, екі елдің экономикалық ынтымақтастығын дамытуға өз септігін тигізеді, - дейді сенаторлар. Ол үшін заң аясында өзге де қадағалау шаралары барынша ескерілген.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
-Бұған қоса, берілетін мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету
мақсатында тараптардың уәкілетті органдары ақпарат алмасудың техникалық
шарттарын жеке әзірлейтін болады. Сонымен қатар ережеде кеден органдары
құжаттың шарттары орындалуы үшін мағұлматтармен бөлісуге жауапты және тікелей
байланыстарды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген құзіреті лауазымды адамдардың
тізімі айқындалады. Сондай-ақ ақпараттандырудың техникалық шарттарын әзірлеп,
пилоттық жобаны іске асыруға кіріседі.
Бұл үрдіс аяқталғаннан кейін, екі елдің кеден органдары мәліметтермен
тұрақты негізде алмасуды қолға алады.
Түркия бүгінде сауда қарым-қатынасында Қазақстанның негізгі әріптестерінің ішінде үздік үштікті тұйықтайтынын айта кеткен жөн. Бұл әрине Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді есепке алмағанда. Мәселен былтыр өзара тауар айналым 6,3 млрд долларды құраған. Ал, биыл алғашқы жарты жылдықта екі жақты алыс-беріс 3 млрд долларға жуықтады. Түркиядан енген қол тауарларының кедендік құны жыл басынан 770 млн теңгеге жеткен.