Алматыда жаңа алма бақтары пайда болады

Алматыда жаңа алма бақтары пайда болады. Мегаполисте «Қала-Бақ» акциясының арқасында жеміс бақтары отырғызылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – қаланың бұрынғы атағын қайтаруға жасалған алғашқы қадам. Барлығы демалыс күндері алматылықтар 8 мыңға жуық көшет отырғызды. Оның жартысы – алма ағаштары.

Түптерді отырғызу уақыты да тегін таңдалған жоқ. Себебі көктемде тамыр жайған көшеттер оңай өседі, әрі болашақта көп жеміс береді. Ал мамандардың сөзінше, бұл ағаштар жарты ғасыр, тіпті, одан көп уақыт тапжылмай тұрады. Сонымен қатар қаланың әр бөліктерінде өзге де жеміс ағаштары егілген аллеялар да бой көтереді.

Әділ Төлегенұлы, Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

– Ағаштар барлық нормаға сәйкес отырғызылды. Қоршаған орта экологиясы басқармасының мамандары да шақырылды. Сонымен қатар күнделікті қала аумағын тазартатын мердігер компаниялар әр апта сайын бақтарды суарады. Әзірге демалыс, нақтырақ айтсақ, сенбі күндері суарылады.

Жәмилә Серкебаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Біз өзіміздің сүйікті қаламыз – Алматыны гүлдендіруіміз керек. Көрген адамның көзі қуанатындай болуы тиіс. Қала қонақтары да көрген жерлеріне тамсанып, бізге қайта-қайта турист ретінде келе бергені жақсы. Бұрынғы жасыл қала атағын қайтаруымыз қажет. 

Айта кетейік, мегаполисте жасыл желектердің аумағы мың гектардан аспайды. 2040 жылға дейін бұл көрсеткішті 3 жарым мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Осы мақсатта, қала аумағында 2,5 млн көшет отырғызылмақ.