«Ядролық ғылым және технологиялар». Алматыда бесінші халықаралық ғылыми форум өтуде. Іс-шара Ядролық физика институтының негізін қалаушылардың бірі, академик Қаныш Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толуына орайластырылған. Форум жұмысына Польша, Германия, Жапония, Қытай, Бельгия сияқты әлемнің 15 елінің жетекші қазақстандық және шетелдік мамандары қатысуда. Олар атом ғылымының медицинаға, өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы мен экологияға әсерін бірнеше күн бойы талқылайды. Ғалымдар Қазақстандағы АЭС құрылысының болашағына да тоқталды. Олардың пікірінше, оны салу еліміз үшін көптеген перспективаларды ашады. Ең алдымен энергетикалық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі.
Асхат Бекбаев, «Ядролық физика институты» РМК бас инженерінің орынбасары:
– Мен ең жас маман ретінде болашаққа сенемін, біз дұрыс жолмен келеміз. Мұны 10-20 жылмен шектеуге болмайды. Жүз жылға алға қарау керек. Нәтижелер көрсеткендей, көпшілік «жақтап» өз даусын берді. Бұл біздің еліміздің көзінің ашықтығын, болашақта дамуға серпін беретін энергия генерациясының қажеттілігін білдіреді.
Нариаки Сакаба, Жапонияның атом энергетикасы агенттігінің директоры:
– Қазақстанда уранның мол қоры бар. Әрине, атом электр станциясын салудың маңызы зор. Кешегі өткен Референдум соның бір көрінісі. Иә халық пікірімен санасқан дұрыс. Түптеп келгенде мұның барлығы халық үшін жасалып жатыр.