2 млрд астам доллардың ондаған экологиялық бастамасы. Астанада Өңірлік
экологиялық саммиттің халықаралық көрмесінде 17 келісімге қол қойылды. Олардың барлығы дерлік Орталық Азия аймағында «жасыл»
және орнықты технологияларды енгізуді көздейді. Яғни, құжаттар өңірде
энергетика және тұрақты өндіріс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға
бағытталған. Мәселен, Қазақстан мен Италия осы бағытта серіктестік аясын
кеңейтіп, озық технологиялармен алмасу және «жасыл» бастамаларға инвестициялар
тарту жөнінде уағдаласты. Осы текті тағы бір меморандум аясында жаңартылатын
қуат көздерін дамыту үшін шетел капиталы құйылмақ. Бұл қаржы Қарағанды
облысында құны 645 млн доллар болатын қуаты 500 мегаваттық жел электр станциясын
салуға жұмсалады. Енді бір келісім «таза» отынға көшу арқылы өндіріс ошақтарын
жаңғыртуға бағытталған. Бұл қатарда 650 млн доллардың калий тыңайтқышын өндіру
жобасы да бар. Бұдан басқа, жасыл авиаотын мен карбон өндірісін іске қосу және
шығарындыларды азайтуға бағытталған озық экологиялық шешімдерді енгізу бойынша бірқатар
құжатқа қол қойылды.
Дилором Сұлтамұратова, RES 2026 EXPO көрменің үйлестірушісі:
- Бұл көрменің
сегіз басты бағыты бар, олардың ішінде Қызыл кітаптқа енген экожүйелерді,
жануарларды қорғау, су ресурстары, су сапасы, жердің тозуымен күрес тәрізді
бағыттар қамтылған. Би-ту-би, би-ту-джи кездесулер алаңы жасақталған, яғни
бизнеспен бизнес, үкіметпен бизнес келіссөздері жүреді, келісімдер мен
уағдаластықтарға қол қою, жаңа серіктестер табу мүмкіндігі ұсынылған. Тіпті
қаржылық қолдау табу ықтималдығы да бар, себебі инвесторлар да осы көрмеге
қатысып отыр, сондықтан олар да тиімді жолмен қаржы салатын бағыт таба алады.

