Қазақстанда қолға алынған реформалар мен стратегиялық бастамалардың іске
асуына септесу. Бұған Астанада Жобалық кеңсе өз үлесін қосады. Қасым-Жомарт
Тоқаев EXPO қалашығында орналасқан жаңа құрылым жұмысымен танысты. Президентке
мұндай орталықтардың әлемнің бірқатар елінде, мәселен Ұлыбритания мен
Малайзияда да қызмет көрсетілетіні баяндалды. Жобалық кеңсе Мемлекет басшысының
жолдаулары мен Қазақстанның ұлттық даму жоспарындағы басым бағыттарды сапалы
жүзеге асыруға арналған шешімдер әзірлеумен айналысады. Мемлекет басшысына адами
капиталды қалыптастыру және дамыту, Маңғыстау облысын өркендету, фискалдық
орнықтылықты арттыруға арналған платформалық шешімдер енгізу сияқты стратегиялық
маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтылды. Арнайы ведомствоаралық
командалар кеңседе көлік және логистика, денсаулық сақтау, энергетика, құрылыс
және цифрландыру салаларындағы мәселелермен айналысады. Орталықтың негізгі
мақсаты - реформалардың тиімділігін арттыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдымызда тұрған мақсаттар өте маңызды. Ең бастысы, Мемлекет басшысы
берген тапсырмалардың орындалу барысын мұқият бақылауда ұстау қажет. Бұл
орталықтың негізгі мақсаты – реформалардың тиімділігін арттыру. Президент
Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды осы жұмысты
қадағалайды. Министрлер де, әкімдер де батыл шешім қабылдауға дайын болуға
тиіс. Мен осыған дейін Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Еліміздің
әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер бойынша барынша дербес шешім
қабылдануға тиіс. Нақты нәтижелерді талап етемін.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, жасанды интеллект және ядролық энергетика
мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент бұл ел дамуының негізгі
стратегиялық бағыттары екенін атап өтті. Үкімет осы маңызды мәселелерді жұмыс
барысында міндетті түрде ескеруге тиіс. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы атом
энергетикасын дамыту перспективасына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен «Ana tili» газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

