Азаматтардың шығындары заңды табысынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылданады. Мәжілістің жалпы отырысында қолданыстағы заңнамаға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстыру барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы осылай деді. Марат Ахметжанов құжаттың негізгі ережелері 2 ақпанда Мемлекет басшысы бекіткен Жемқорлыққа қарсы саясаттың концепциясынан бастау алатынын айтты. Ұсынылып отырған норма жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінің негізгі іргетасы деді. Оның айтуынша, қазіргі таңда коррупциялық жолмен дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріне мәлім. Ал осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сондықтан азаматтардың шығыны кірісінен асып кетсе, жауаптылық қағидасы қолданылады. Төменгі палата құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.
Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Атап айтқанда, шенеуніктердің шығыстары мен табыстарының айырмашылығы 1000 айлық көрсеткіштен асып түссе, фискалдық санкция қаралады. Яғни айырмашылық сомасының 90% әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді. Шығындардың заңдылығын түсіндіруге бәріне мүмкіндік беріледі. Ал егер сол айырмашылық жылдық табыстан асып жатса және оның қайдан шыққанын түсіндіре алмаса, мансаптық жаза қаралады. Ол дегеніміз мемлекеттік қызметтен үш жылға теріс себептермен босатылады.
Сондай-ақ табыстары мен шығындарына қатысты ақпаратпен бөлісуге міндетті азаматтар да аталды.
Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер. Олар былтыр кірістерін көрсетті. Енді табыстары мен шығыстарын салыстыру басталады. Екінші кезеңде – 2023-2024 жылдары мемлекеттік мекемелер мен квазисектордың қызметкерлері. Үшінші кезеңде – 2024-2025 жылдары заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары. Соңғы кезеңде, 2025-2026 жылдары декларацияны қалған азаматтардың барлығы тапсырады. Содан кейін ғана барша халықтың активтері мен мүлкі туралы белгілі болады. Жауаптылық туралы норма қолданысқа енеді.
Айта кетейік, заң жобасында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау жүйесі жетілдіріледі.