Әлем бойынша Қазақстанға жаңа туристік бағыт ретінде қызығушылық артып келеді

Сарапшылардың пікірінше, шетелдік туристерді бірінші кезекте еліміздің көркем, әрі әралуан табиғаты ғана емес, көшпенділер мәдениеті және заманауи жетістіктердің қосындысы қызықтырады. Оның үстіне халқымыздың қонақжайлылығы да ерекше айтылады. Қазақстанға келген әр адам ерекше әсер сыйлайтын саяхат жасап, естен кетпес жерлерді көруіне болады. Бұл – Үндістандық Нареш Шандилидің пікірі. Ол осымен екінші рет Алматыға келіп отыр. Оның айтуынша қаланың қайталанбас атмосферасы бар.

 

Нареш Шандили, турист:

– Біз Алматыны жақсы көреміз. Адамдар қонақжай, әрі мейірбан. Мұнда міндетті түрде отбасыммен ораламын. Бұл жолы тек достарыммен келдім. Бірақ, оларға осында бар қызықтарды көрсеттім. Достарыма қатты ұнады.

 

Елімізге Үндістандықтардан бөлек, Қытай, Италия, Ұлыбритания мен Таяу Шығыс елдерінен келетін саяхатшылардың қарасы көп. Статистика бойынша шетелдік туристер Алматы тау класстеріне басымдық береді. Алайда, сарапшылардың пікірінше, елімізде жағажай демалысына да қолайлы жерлер жеткілікті.

 

Әсем Қозбағарова, Туристік компанияның ішкі бағыт бойынша бөлім басшысы:

– Елімізде дамытуға болатын бірнеше жер мен нысан бар. Бірінші кезекте, әлбетте, Каспий теңізінің жағалауы. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстанда орналасқан көлдер бар. Балқаш пен Алакөлді ерекше атап өтуге болады. Сондықтан, алдымызда жұмыс көп.

Естеріңізге сала кетсек, Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметінше, Қазақстан саяхат пен туризм индексінде өз орнын жақсартты. Еліміз 119 мемлекет тізімінде бірден 14 орынға ілгерілеп, 52 орынға тұрақтады.