Қазақстанда ақпан айында автомобиль өндірісі артты. Былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім бірден 10% құрады. Жалпы өткен айдың қорытындысы бойынша құны 146 млрд теңгеге 11 мың дана көлік құралы дайындалып шықты. Ал жыл басынан бері барлық типтегі 22 мың автомобиль зауыттардан шыққан. Олардың құны – 295 млрд теңгеге тең келді. Өндірістің негізгі үлесі жеңіл көліктердің еншісінде. Атап айтсақ, елімізде 20 мың темір тұлпар шығарылған. Мұндай мәліметті Қазақстан автокөлік одағы келтірді.
Сонымен қатар Қазақстанда электромобильдер де жоғары сұранысқа ие. Олар бойынша, бөлек статистиканы Energyprom.kz порталы ұсынды. Соңғы жыл көлемінде елімізде электронды қозғалтқыш арқылы жүретін 7,5 мың темір тұлпар ресми тіркеліп, бұл көрсеткіш 9 есе артқан.
«Жасыл», яғни, экологияға залалы жоқ бұл көліктердің саны 2023 жылдың мамыр мен желтоқсан айларының арасында күрт артқан. Сарапшылардың айтуынша, бұл 2025 жылдың аяғына дейін салықсыз электрокарларды кіргізе бастағаннан кейін мүмкін болды.