Еуропаның қайта құру және даму банкі Қазақстанда жаңа экономикалық реформаларды іске асыруды қолдайды. Премьер-министр Әлихан Смайылов қаржы институтының вице-президентімен кездесу өткізді. Алан Пию Банктің елімізге 2060 жылға қарай экономиканы декарбонизациялауға қол жеткізуге көмектесуге мүдделі екенін атап өтті. Бұл бағытта Алматыдағы екінші жылу энергоорталығын көмірден газға көшіру флагмандық жоба деп есептелетінін жеткізді. Сонымен қатар ол Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуды және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Елімізде Еуропаның қайта құру және даму банкімен бірлесе экономиканың түрлі салаларында $10 млрд-тан астам сомаға 300-ге жуық жоба іске асырылған.