Ақтау және Құрық порттары арнайы экономикалық аймаққа енгізілді

Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Сонымен қатар әкімдікте «Баутино» жүк ауданы да «Ақтау теңіз порты» құрамына енгізілгені айтылды.

Айта кетейік, Порттардың экономикалық аймаққа қосылуы өңірге елеулі әлеуметтік-экономикалық әсер етеді және облысқа инвестициялар тарту үшін қолайлы алаңға айналдырып қана қоймай, ірі халықаралық көлік дәліздерінің бірі болуына үлес қосады. Сонымен қатар порттарға әлемнің үздік логистикалық компанияларымен жұмыс істеуге жол ашады. Порттардың инфрақұрылымын дамыту шараларымен қатар, экономикалық аймақта 2025 жылдың соңына дейін контейнерлік хаб құру жоспарлануда.

Айта кету керек, Ақтау порты арқылы құрғақ жүктер, мұнай және мұнай өнімдері Әзербайжан, Иран, Түркменстан, Ресей елдеріне тасымалданады. Портта жылдық қуаты 12 миллион тонна болатын 6 мұнай айлағы жұмыс істейді. Ал Құрық портында 4 айлақ іске қосылған. Бұл жерден Бакуге мұнай, металдар, химиялық өнімдер экспортталады. Кейбір жүктер Еуропаға, одан әрі Қара теңізге жөнелтіледі. Жыл басынан бері порт арқылы 550 мың тоннадан астам жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп.