«Бабалар ізімен» экспедициясы Қазақстанның аймақтарын аралап жүр

«Бабалар ізімен» экспедициясы Қазақстанның аймақтарын аралап жүр

Бүгінде топ мүшелері Баянауыл ауданындағы Ескелді елді мекеніне жетті. Жиһанкез Сапар Ысқақов бастаған ғалымдар мен жиһанкездер, ұлы ойшыл әрі әулиелік қасиетімен дараланған Мәшһүр Жүсіп кесенесіне барды.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Бұл Қазақстандағы қасиетті жерлердің бірі деп есептеймін. Кезінде ол кісіні қазақтың ақындары мен оқымыстылары пайғамбарға теңеген. Ол жайдан жай емес. Мәшһүр Жүсіп күллі қазақтың ұмытылып кете жаздаған фольклорын жинап, қағазға түсіріп, бізге жеткізді. Ол кісінің еңбегін өте зор деп айтуға болады.

Кесенеде мұсылман стилінде екі бөлме бар. Бөлмеге шығатын есіктерде Құран аяттары жазылған. Алтынмен жалатылған мазарға кіреберіс есіктің өзі – өнер туындысы. Ал кешен аумағында туристерге арналған қонақүй мен музей орналасқан.

Мұражай меңгерушісі, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Әсет Пазылов:

- Бұл кісі жүрген жерінде дін мен білімді уағыздап, халқын кәсіпке шақырған. Әулие болғаннан кейін аштық болатынын болжап айтқан. Қазақты егінге, кәсіпке шақырған.

Экспедиция көршілес Шығыс Қазақстан облысындағы Құндызды елді мекеніне де жеткізді. Мұнда батыр әрі жырау Ақтамберді Сарыұлы мәңгілік тыныстап жатыр. «Жыраудың ұрпақтары қойған белгітас астында тек қазақ әскерінің емес, жеңіліс тапқан Жоңғар жауынгерлерінің де мәйіті болуы мүмкін», – дейді тарихшылар.

Ерқанат Төлендиев, Құндызды ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі:

 - Күлдір де күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз.

Күдеріден бау тағып, ақ кiреуке киер ме екенбiз!

Жағасы алтын, жеңi жез, шығыршығы торғай көз,

Сауыт киер ме екенбiз!

Ор қояндай жүгiнтiп, аш күзендей бүгiлтiп, жолбарыстай шұбарды, таңдап бір мiнер ме екенбiз!

Ақтамберді Сарыұлы Қаратауда 1675 жылы дүниеге келген. 12-де білекке қылыш ілдім деп айтқанына қарағанда жауға ерте араласқан.

«Бабалар ізімен» экспедициясының киелі аймақтарға сапары мұнымен тоқтамайды.  Ғалымдар бұл сапардан ел тарихына қатысты құнды деректерді толықтырып қайтатындарына сенімді.