Елордада құрбандық шалатын 7 орын белгіленді

Биыл қазақстандықтар Құрбан айт мейрамын толыққанды тойлай алады. Мерекенің алғашқы күні елдің барлық мешіттерінде дәстүрлі түрде «Айт намазы» оқылады. Кейін әдеттегідей жамиғат дұға тілеп, құрбандық шалады. Елордада бұл рәсімді екі бағытта атқаруға мүмкіндік бар, яғни офлайн және онлайн. Өткен пандемия кезінде қалыптасқан арнайы сайт арқылы қашықтан құрбандыққа шалынатын түлікті таңдауға болады. Тікелей өзі қатысуға ниет еткендер үшін қала бойынша 7 бірдей мал сою орны белгіленген. Ол жерлерде барлық санитарлық талаптар ескеріліп, құрбандық малының етіне ветеринарлық анықтама беріледі. Діни рәсімді таңғы сегізден кешкі алтыға дейін жүзеге асыруға болады. Еске салайық, биыл «Құрбан айт» шілденің 9-ы, 10-, 11-і күндеріне сәйкес келіп тұр.

Бауыржан Диханбаев, Нұр-Сұлтан қалалық дін істері басқармасының бөлім басшысы:

– Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тарапынан осы құрбандыққа шалынған еттің барлығы мұқтаж жандарға таратылатын болады еріктілердің көмегімен. Осы Құрбан айт кезінде құрбандық шалу орындары туралы немесе басқа да діни сұрақтар бойынша тәулік бойы 109 нөміріне хабарласу арқылы өздеріңізге қажетті ақпаратты ала аласыздар.