АҚШ-та 8 жастағы қазақ қызының кітаптары жарыққа шықты

Қазақстандық жас қаламгер Малика Қабдылхақтың кітаптары бүкіл әлемге танымал. Жас автордың туындылары АҚШ пен әлемдегі ең ірі цифрлық сауда платформасы – Amazon-да үлкен сұранысқа ие. Малика ағылшын тілінде бірнеше иллюстрациялық әңгіме құрастырды. 8 жасар қазақтың дарынды қызы өзінің барлық бос уақытын шығармашылыққа арнайды. Белгілі бір сүйікті жанры жоқ. Кез келген тақырыпта қалам тербейді. Алғаш рет жарық көрген еңбектерінің бірі – Боб және Роб деген екі роботтың достығы жөнінде. 16 беттен тұратын кітап 5 пен 12 жас аралығындағы кішкентай оқырмандарға арналған. 

Малика Қабдылхақ, жазушы:

– «Боб және Роб» — бұл екі роботтың достығы жайында әңгімелейтін туынды. Қос жолдас кәдімгі балалар сынды күндерін бірге қызықты өткізеді. Олар түрлі қызықты оқиғаларға тап болады. Кітаптарымды көбіне мектепте берілген үй тапсырмаларын орындаған соң кешкілік уақытта жазуға кірісемін. 

Малика жазушылыққа бет бұруына кітапқа деген сүйіспеншілігі себеп болғанын айтады. Ерте әріп таныған талапты қыз алғашқы қысқа әңгімелерін 5 жасында жаза бастаған. Наурыз айының басында Amazon Kindle Direct Publishing тұғырнамасына ол Наурыз мерекесіне арналған су жаңа кітабын қосты. «Әминаның Наурызы» деп аталатын еңбегінде қазақша сөздерді қолданып, ағылшын тілінде жазған. Кітапта ұлттық мейрамға қатысты ұғымдар, тағамдар, ойындар сияқты қазақы дәстүр қамтылған. Маликаның негізгі мақсаты – шетелдіктерге Наурыз мейрамы туралы ақпаратты жеңіл, баланың тілімен таныстыру. Бұл кітап та әдемі ұлттық нақышта иллюстрацияланған. 

Малика Қабдылхақ, жазушы:

– Менің бұл кітапты жазуыма өзімнің төл мәдениетім мен Қазақстанға деген махаббатым түрткі болды. Сондықтан туған елімнің мәдениеті жайында барша әлем білсін деп кітап шығардым. Өйткені қазақтың мәдениеті аса бай және оның тарихы тереңнен бой тартады. Мен Қазақстанда Наурыз мейрамы қалай тойланатынын кеңге насихаттағым келді. Бұл біздің мәдени мұрамыз. Оны мақтан тұтып, сақтап қалуымыз керек. Сондықтан да адамзат армандап, сол мақсатқа жете білуі керек деп санаймын. Мен балалар жазушысымын. Сондықтан қатарластарымның тілі мен ойын жақсы білемін. Жас болсам да, аңсаған армандарыңа жету үшін талмай еңбектену керектігін түсінемін. 

Малика Амазонда тағы да қос робот жолдастың оқиғаларын жариялауды жоспарлап отыр. Кейін жас қаламгер олар жайында классикалық қағаз нұсқада кітап басып шығару да ойда бар екенін жасырмады.