Елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге арналған фестиваль биыл республиканың 7 қаласында өтіп жатыр. Бағдарламаны ұйымдастырушылар қатарында бірқатар елшіліктер мен Француз Альянсы бар. Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтарына кино, музыка, көрмелер мен түрлі байқаулар ұсынылды. Екі айға созылған шара аясында Бесінші республиканың жарық жұлдызы, джаз әндерін орындаушы Габи Артманн қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл күй сыйлап, Франкофония бағдарламасын түйіндеді. Өз дарынымен көпшілікті тәнті ете білген әнші Қазақстанға алғаш рет келгеніне өте қуанышты екенін жасырмады. Оның айтуынша, бұл бағдарлама жаңа мәдениет, салтпен танысудың тамаша мүмкіндігі.
Габи Артманн, әнші:
– Мен үшін алғаш рет Орта Азияда, атап айтсақ, Қазақстанға келіп, ән шырқау – үлкен бақыт. Жалпы, біз әртістер, өнер адамдары бұрын-соңды араласпаған мәдениеттерді таныстыру және байланыстыру мүмкіндігіне иеміз. Сондықтан, мен осы мүмкіндікті қуана пайдаланудамын. Мәселен, Алматыдағы концерттен кейін симфоникалық оркестрмен кездесемін. Бәлкім, бірге туындылар орындайтын шығармыз. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе болар еді.
Алекс Бортолан, Қазақстандағы Франция елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық бөлімінің басшысы:
– Биыл біз жылдағы дәстүрге сай француз мәдени орталықтары, яғни, Француз альянсы орналасқан қалаларда ірі мәдени шаралар өткіздік. Олар: Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды. Десе де, биыл басқа қалаларға да жол ашуды жөн көрдік. Мәселен, «Яма» мәдени орталығымен бірлесе Атырауда фотокөрме ұйымдастырдық. Оған келген қонақтар көп болды. Сонымен қатар, Өскеменде өткізген француз киносының фестивалі де өте сәтті болды.