АҚШ: 20 жылға созылған соғыс аяқталды

АҚШ: 20 жылға созылған соғыс аяқталды

АҚШ-тың Ауғанстандағы 20 жылға созылған миссиясы мәресіне жетті. Кабулдан АҚШ-тың соңғы ұшағы ұшып кетті. Осылайша америкалықтарды Ауғанстаннан көшіру ісі аяқталды. Бұл туралы Пентагон өкілі, генерал Кеннет Маккензи мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалықтар Ауғанстанда қалған 26 әскери көлік пен 73 ұшақты қайта жөнделмейтіндей етіп істен шығарған. Кабулдағы халықаралық әуежай «талибан» қозғалысының толық бақылауына өтті.

Айта кетейік, тәліптер билікке келгеннен кейін Кабулдан 122 мыңнан астам адам, оның ішінше 6 мыңға жуық америкалық азамат көшірілді.

Кеннет Фрэнк Маккензи, АҚШ орталық қолбасшылығының басшысы:

- АҚШ-тың барлық сарбазы Ауғанстаннан кетті. Осылайша Ауғанстандағы әскери миссияның толық аяқталғанын хабарлаймыз. Кабул әуежайындағы зымыранға қарсы қауіпсіздік жүйесі соңғы сәтке дейін жұмыс істеп тұрды. Біз бұл техникалық құрал-жабдықты алып кетуге уақыт жұмсамадық. Бірақ толық істен шығарып кеттік.

 

Өзбекстан Ауғанстанмен шекарасы жабық екенін мәлімдеді

«Термез» бақылау-тексеру бекеті арқылы адамдар өтіп жатқан жоқ. Жуық арада оны ашу көзделмеген. Бұл туралы Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Осылайша Ташкент «Өзбекстан Ауғанстаннан қашқан босқындар үшін шекарасын ашуға дайын» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Айта кетейік, Өзбекстан бірқатар мемлекетке Кабулдан азаматтарын эвкуациялауға қолдау көрсеткен. Бірақ өзге елдердің гуманитарлық операциясы тек әуе жолымен жүзеге асырылды.