Қазақстан Президенті жаңа Конституцияны іске асыру жөнінде жұмыс кеңесін
өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев алда заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық
актілердің ережелерін жаңа Ата заңға сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс
тұрғанын айтты. Осыған орай, ең алдымен билік институттарының қызметін
айқындайтын заңдарды түзеу қажеттілігіне назар аударды. Жалпы, алты
конституциялық заң және өзге заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар
енгізу жөнінде үш заң қабылдау қажет. Оларды Парламент сессиясы аяқталғанға
дейін қабылдау керек. Мемлекет басшысы заңдарды сапалы әрі уақтылы әзірлеп,
қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет заңға тәуелді нормативтік-құқықтық
актілерді кешіктірмей түзеуге тиіс.

