Қазақстан мен Тайланд алыс-берісінің өрісі кеңейеді. Астанада еліміздің сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Тайланд Премьер-Министрінің орынбасары – сауда министрі Пхумтам Вечайячай екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар өнеркәсіп саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Құжатта инвестициялық әлеуетке де басымдық берілген. Мәселен, Қазақстан тай инвесторларына салық жеңілдіктер ұсына алады. Бұл ретте айта кетерлігі соңғы 5 жылда қос жақты инвестициялардың жалпы көлемі 100 млн долларды құрады. Былтыр өзара тауар айналымы 36% жуық өсіп, АҚШ валютасында 367 млн-нан асқан. Бұл – меже емес. Жергілікті кәсіпкерлер Оңтүстік Шығыс Азия еліне бал, уылдырық, ет және басқа да тауар түрлерін жеткізуге мүдделі.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Экспортты 100-ден астам тауар позициясы бойынша $900 млн астам сомаға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Бұл металлургия өнеркәсібі, химия және мұнай химиясы, минералды ресурстар, ауыл шаруашылығы тауарлары, оның ішінде бидай, тыңайтқыштар мен мал азығы бар. Бұл Қазақстан мен Тайланд арасындағы келісім еліміздің экономикалық аймақтарына Тай инвесторларын тартуға ықпал ете отырып, Қазақстан үшін жаңа перспективалар ашады деген сенімдеміз. Сонымен қатар, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ, ел Премьер-Министрі де тайлық
әріптесімен кездесті. Тараптар Тайланд Үкіметінің Қазақстан азаматтарына
визасыз режим ұсынуымен қатар, туризм саласындағы қатынастардың оң даму
динамикасын атап өтті. Сонымен қатар, Транскаспий
бағытын дамыту аясында еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалану мүмкіндігі талқыланды. Жиын соңында тараптар
екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниет білдірді.