АЭС салу мәселесі Жетісу облысында талқыланды

Қазақстан Сенатының Төрағасы бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының мүшелері Жетісу облысына ат басын бұрды. Сапар барысында депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері өңірдің өндірістік еңбек ұжымдарымен және белсенді жастармен жүздесті. Кездесуде өндіріске қажетті жаңа тәсілдерді зерделеудің және инновациялық технологияларды енгізудің игілігі сөз болды. Бұл ретте елімізде АЭС салудың мәні әңгіме өзегіне айналды. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, бұның шарапаты мен одан туындайтын тәуекелдерге назар аударды. Палата спикері бұл бастаманың стратегиялық сипаты мен ел экономикасына тигізер әсеріне тоқталып, алдағы референдумда әрбір дауыстың маңызды рөлін атап өтті. Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың жарқын көрінісі екенін тілге тиек етті.  

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел болашағына қатысты мәселелерге келген кезде, жалпы бүкіл ұлтқа әсерін тигізетін қадамдарға баратын кезде біз оны кабинетте отырып, өзіміз қабылдамай халықтың ішіне барып, халықтың пікірін естіп, шешім қабылдауымыз керек деп айтқанын білесіздер. Сол себепті, осыны біз халыққа жеткізуіміз керек. Халық қалай шешеді, солай болады.