Биыл Қазақстанда 44 миллионнан астам онлайн-мемлекеттік қызмет көрсетілді. Маңызды жетістіктердің бірі - цифрлық құжаттарды енгізу болды. Осылайша, азаматтар ел ішінде ұшақтарда, пойыздарда ешқандай физикалық құжатсыз, тек цифрлық құжаттардың негізінде еркін жүре алады. Сондай-ақ, елімізде онлайн-нотариус сияқты жүйелер пайда болды. Адамдар Қазақстаннан тыс жерде болған күннің өзінде онлайн түрде қызмет ала алады. Мұндай қызметтер 170 мыңнан астам рет көрсетілді. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде атап өткендей, Үкіметтің басым бағыты – отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша деректермен үлкен жұмыс жүргізілді. Бүгінде 40-тан астам деректер базасы біріктірілді, бұл 2 мыңнан астам отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік берді. Үлкен көлемдегі ақпаратты талдау үшін жасанды интеллект платформасы енгізілді.
Жаслан Мадиев, ҚР Цифрлық
даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Нәтижесінде біз барлық дешбордтарды жүктеп, ЖИ
жүйесі бізге барлық ұсыныстары бар
талдамалық толық жан-жақты анықтама береді. Тапсырмаларды автоматты түрде
тиісті мемлекеттік органдарға таратады.
Бұдан басқа, жасанды интеллект әкімдіктердің жұмысын жеңілдетіп, азаматтардың сауалдарына жылдам жауап беруге және өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Арнайы жүйе жергілікті тұрғындардың деректерін талдайды және негізгі әлеуметтік проблемаларды есептейді. Бұл нақты уақыт режимінде маңызды ақпаратты алуға және талдамалық анықтамаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді, олар кейіннен облыстардың басшыларына шешімін табу үшін жіберіледі.
Әсел Күшенғалиева

