Қазақстан
елордасында «Astana Winner 2026» халықаралық
кинологиялық көрмесі өтті. EXPO көрме орталығында түрлі тұқымды 400-ге жуық ит бақ сынады. Еліміздің ұлттық мұрасы -
қазақ тазысы ерекше назар аударды. Бұл иттердің бірін
Елена Хардина әкелген. Өскемен тұрғыны
- ұлттық тазы клубының басшысы. Оның Темірлан
атты тазысы - халықаралық көрмелердің жеңімпазы.
Елена
Хардина, Қазақстан кинологтар одағы Ұлттық тазы
тұқымы клубының президенті:
- Тазы – тарихы талай мыңжылдыққа кететін текті тұқым. Ол
ежелден көшпенділерді аштықтан құтқарып, қасқырлардан қорғаған. Бірақ осындай
асыл тұқымды әлемнің танымай келгені өкінішті. Ендігі мақсатымыз – тазыны
әлемге таныту.
Бүгінде
Қазақстанның асыл тұқымды тіркеу кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Тұқым
санын көбейту үшін Кинологтар одағы шалғай елді мекендерге барып, жергілікті иттердің
стандартқа сәйкестігін тексереді, сай келсе, құжаттарын ресімдеп,
оларды тізімге енгізеді. Мұндай жұмыс тұқым санын
арттырып қана қоймай, тазының табиғи қасиеттерін
сақтауға көмектеседі.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының
президенті:
- Біз үшін өзіміздің жүйеміздегі асыл тұқым ретінде тіркелген иттердің күшіктеуі аса маңызды. Осы жұмыстың арқасында тазаның саны ұдайы өсіп келеді. Бұл динамиканы анық көруге болады. Айталық, 2023 жылы біз осы жұмысты бастағанда, бір жылда тіркелген иттерден 93 күшік ерген болатын. Ал 2025 жылы олардың саны 411-ге жетті. Яғни, күшіктеу көрсеткіші 4 еседен астам өсті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының
бастамасымен елімізде 3 қыркүйек – Тазы мен Төбет күні болып бекітілген. Екі
жыл бұрын бұл тұқым ресми түрде Қазақстанның меншігі ретінде халықаралық
деңгейде тіркелді. Ендігі меже – он жыл ішінде құжаттаманы түгендеп, ұлттық
қазынамызды әлемдік кинологияда түбегейлі мойындату. Өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық кинология
федерациясының басшысы Тамаш Яккелмен кездесіп, таяуда Жетісу облысында тазының
селекциясы және ғылыми-кинологиялық сүйемелдеу жөніндегі Ұлттық орталық
ашылатыны айтылды.

