Ұлытаудан жаяу шыққан жиһанкез 4000 мың шақырымды артқа тастап, енді соншасын бағындыруға аттанбақ. Елордаға жеткен саяхатшы – 72 жастағы Сәрсенбай Оспанұлы жаяу сапарын әрі қарай жалғастырады. Ал қазақ даласын көліксіз бағындыру идеясы оған 6 жыл бұрын келген екен. Қарияның айтуынша, «Ұлытауға бардың ба?» деп аталатын экспедицияның басты мақсаты - республикамыздың тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды ел-жұртқа таныту, насихаттау, қазақстандық қолданбалы өнер шеберлерімен кездесіп ең бастысы ұмыт болған «қымыз мерекесін» ұлықтау. Саяхатының ортасына жеткен Сәрсенбай Оспанұлы жиһанкездігін биылғы жылдың қазан-қараша айларында Маңғыстау өлкесінде аяқтауға ниетті. Ал денсаулығы жараса, келер жылы қасиетті Меккеге барып, қажылық жасаймын дейді.
Сәрсенбай Оспанұлы, саяхатшы:
– «Бейнетсіз зейнет жоқ» дейді ғой. Қиыншылықтарды әрине айта берсем, біздің бір күн уақытымыз жетпейді. Арба сынған уақыттар болды, дөңгелектер, аяқ киімдер тозған уақытттар болды. Шаршау, шаршамау бұл әуелі Алланың берген денсаулығы ғой, бүкіл халық қолдап тұрғанда мен қалай шаршаймын. Жігеріме жігер қосып, болашақта Алла қуат берсе Меккеге барып қажылық ету. Одан әрі қарай тағы да қуат берсе бүкіл әлемді шарлап, Қазақстанның атын шығарып, мемлекет бар Қазақстан деген, қазақ деген ұлт бар деп, оның тарихы осындай деп түсіндіріп насихаттау.