Қазақстанда 2026 жылы бірден үш қалада қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын зауыттар салынады. Бұл жобалар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылып жатыр. Экология министрлігі мен әкімдіктерге премьер-министр Олжас Бектенов олардың құрылысын жеделдетіп, сапалы жүргізуді тапсырды. Жалпы құны 300 млрд теңгеге жуық бағаланған бұл жобалар қытайлық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Қазақстанда қалдықтарды басқарудың 5 жылдық тұжырымдамасы әзірленді. Оның аясында бірыңғай ақпараттық платформа құрылады. Жүйеге барлық қоқыс орындары мен қалдықтардың қозғалысына қатысты мәліметтер енгізіледі. Жасанды интеллект деректерді талдап, тәуекелдерді болжайды. Қайта өңдеу қуатын дәл есептеуге септеседі.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Қалдықтардың барлық түрлерін басқару Тұжырымдамасын іске асыру
экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
үшін нақты бақылау мен болжам жасау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл қайта өңдеу және қайта пайдалануға бағытталған қалдықтарды басқару
саласының дамуын ынталандырады. Аталған тәсіл Президентіміздің табиғатты аялау
жөніндегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан»
бастамасының талаптарына сай келеді.

