2027 жылға дейін Қазақстан экономикасының әлеуеті қандай болмақ?

Есептеулерге сәйкес, келер жылы инфляция 7,5-9,5% деңгейінде болуы ықтимал. 2024 жылы 4-5 %, ал 2025-2027 жылдары 3-4%-ке дейін төмендеуі болжанады. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуіне келсек 2023 жылғы 4 %-тен 2027 жылы 4,2%-ке дейін жеделдейді. Номиналды жалпы ішкі өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі. Осы кезеңде елдегі мұнай өндірісінің көлемінде 100 миллион тоннаға жеткізу межеленген. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.

 

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың жоспарлы жылдарға арналған параметрлерін қалыптастыру барысында Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттері іске асырылды. 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып айқындалды.

Сондай-ақ, ведомства басшысы депутатардың қарауына ұсынған «ҚР Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасыда мақұлданды.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескере отырып айқындалды және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайтын болады. Бұл ретте, заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары 42,2 – 40,3 доллар деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2,0 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды.