Қазақстан
Қытайға астық экспортын ұлғайтуға ниетті. Бірінші кезекте жақын арада 2 млн
тоннадан астам бидайды аспан асты еліне жөнелту жоспарланып отыр. Ауыл
шаруашылығы тауарларын үздіксіз экспорттау мақсатында ұлттық теміржол
тасымалдаушысы жанында жұмыс істейтін астықты ауыстырып тиеуді ұйымдастыру
жөніндегі штаб өз жұмысын күшейтеді. Сонымен қатар, Қостанай-Галаба,
Көкшетау-Галаба, Қостанай-Ташкент торабы тікелей құрама пойыздарын қалыптастыру
үшін, кестелер тізбегі әзірленеді. Тауарды тасымалдау «бір жөнелтуші – бір
алушы» қағидаты бойынша жүргізіледі. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы
Қазақстаннан аспан асты еліне темір жол арқылы астық тасымалдау көлемі
рекордтық 2,2 млн тоннаға жетті. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қытай халық
республикасына 757 мың тонна жөнелтілді. Ал, екінші жартыжылдықта көрші мемлекетке
1 млн 250 мың тоннадан астам астық экспорттау жоспарланып отыр. Сондай-ақ,
Қазақстан бидайды Бейнеу астық терминалы арқылы Ауғанстан мен Пәкістанға
жөнелтуге ниетті.