2025 жылға қарай Қазақстанға 3 млн-ға жуық шетелдік туристі тарту көзделіп отыр

Яғни елімізді тартымды ете түсетін және шетелдіктер үшін қызықты болатын халықаралық іс-шаралар көбірек өткізілетін болады. Мәселен, биыл осы мақсатта Астанада кеңге танылған IRONMAN триатлон жарысы ұйымдастырылды. Ол әлемнің 40 елінен 2 мыңнан астам қатысушыны жиды. Сарапшылардың есебінше, бұл спорттық шара ел қазынасына 1 миллиард теңгеге жуық кіріс әкелген. Бұған қоса туристер ағынын арттыру үшін Қазақстанға кіруде виза талап етілмейтін елдер санын 100 дейін ұлғайту ұсынылды. Ішкі туризмде қарқын алып келеді. Биылдың алғашқы жартысында үш жарым миллионнан астам ел азаматы өз жерінде саяхаттауды жөн деп тапқан. Бұл былтырғыдан 50% көп. Бұл бағытта бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын айта кеткен жөн. Kids Go Free жобасынан бөлек, отандық туристерге жолдама құнының бір бөлігі қайтарылады. Оны туристік маусымнан тыс уақытта демалушылар ала алады.