Модерн – мүсіндер, гүлзарлар, креативті фото инсталяциялар алаңы, бірегей интерактивті кітапхана мен отандық және шетелдік фотосуретшілер жұмысы қойылған ерекше көрме. Елордадағы EXPO шығарашылық кеңістігінде орын тепкен 12 қайталанбас экспозицияның 5-і тұрақты және 7-і уақытша туындылар. Ауқымды жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайы қанат жайды.
Владислав Слуцкий, арт-кеңесші:
- Бізде Еуразиялық мәдени альянстың жергілікті суретшісі бар. Онымен бірнеше жыл бойы паблик-арт, тактикалық урбанизм сынды жанрларда жұмыс жасаймыз. Бұл – дегеніміз қаланың көркін ерекше мүсіндер арқылы ашуға арналған бағыттар. Бұл бірегей туындылар біздің иелігімізге берілді. Негізінен бұл керемет жұмыстар көркемөнер шеберлерінің қолынан туған. Біз оларды барлық талаптарға сәйкес күтіп, сақтығына жауап береміз. Мүсіндер шаң басып тұрмауы керек. Өнер туындылары халық қызықтау үшін жасалған. Олар саяхаттау керек. Оған лайықты орындардың бірі осы QazExpoCongress. Бұл ерекше көрмелер ұйымдасытру үшін құрылған арнайы аумақ.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, көркемөнер туындылары бас шаһардағы EXPO алаңының көрікін ашумен қатар ашық аспан астындағы заманауи өнер галереясына айналып отыр. Көз тартар аймақ елорда тұрғындарымен қала қонақтарының қызығушылығын тудырды.
Яна Гагин, турист:
- Негізінен фото жасауға болатын нысандар қызықтырады. Мәселен осындай инстаграмға арналған орын. Әрине ашық аспанның астында орналасқаны өте дұрыс шешім. Жабық нысандарға қарағанда адамдар көбірек жиналады. Ана ретіндеде өте қолайлы жасалғанын айтар едім. Менің балаларым тар бөлмелерден гөрі далада емін-еркін жүгіргендерін қалаймын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық шаралар санитарлық талаптарды қатаң ескеру арқылы өтеді.
Дәулет Еркимбаев, «QazExpoCongress» ҰҚ АҚ басқарма төрағасының бірінші орнбасары:
- Түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын боламыз. COVID-19 байланысты шектеу шараларын ескеру үшін адамдар көп жиналмайтын шаралар өткізіледі. Барлық жерлерде әлеуметтік қашықтық сақталады. Сондай-ақ «Нұр Әлем» кешенінде де сақтық шаралары қолға алынды.
EXPO аумағындағы бірегей шығармашылық кеңістік қыркүйек айының соңына дейін жұмыс істейді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов