2024 жылы ШЫҰ энергетикалық стратегиясы қабылдануы мүмкін

2024-ші жылы ШЫҰ мүше мемлекеттердің энергетикалық ынтымақтастығын дамытудың Стратегиясы қабылданады. Бұл жөнінде Астанада KAZENERGY форумының аясында ШЫҰ қатысушы елдердің бас қосуында белгілі болды. Айта кетейік, стратегиялық құжат Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстандық тараппен әзірленді. 2030-шы жылға дейін бағдарланған құжат  алты салалық басымдықты қамтиды. Атап айтсақ мұнай-газ, электр энергетикасы, баламалы қуат көздері, атом энергетикасы, көмір өнеркәсібі энергия тиімділік пен энергия үнемдеу бойынша бірлескен іс-шаралардан тұрады. Стратегия аясында халықаралық ұйым мүшелері тәжірибе алмасумен қатар мамандарды даярлау және бірлескен ғылыми қолданбалы техникалық зерттеулер жүргізуді көздеп отыр.   

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Бұл тәсіл туындайтын энергетикалық мәселелердің тиімді шешімін табуға және осы бағыттағы ынтымақтастықты ұйымдастыру жағын заманауи сын-тегеуріндерге бейімдеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. 2024 жылдың маусым айында елордада өтетін Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына қатысушы елдердің Мемлекет басшыларының Саммиті шеңберінде барлық мүше мемлекеттердің мүдделері барынша ескерілген ортақ стратегиялық құжатқа қол қою үшін уағдаластыққа жететінімізге сенімдімін.  

Сохаил Хан, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары: 
- Бүгінгі таңда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына 26 ел мүшелік етеді.  Олардың бәрі әлемде энергетика саласында маңызды және негізгі ойыншылар. Бұл қатарда Ресей, Қытай, Қазақстан, Иран, Сауд Арабиясы және тағы басқа елдер бар.  Сондықтан мен бұл стратегия өте маңызды, өзекті және уақтылы деп санаймын. Оның барлық елдердің өркендеуі мен азаматтарымыздың әл ауқатын арттыруға серпін береріне   сенемін.