Қазақстан соңғы 6 жылда экономикалық дамуда елеулі
нәтижелерге жетті. Премьер-министр өз мақаласында ел табысын қорытындылады. Онда
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғаннан бері республиканың тың
жетістіктерін саралады. Былтыр ғана жалпы ішкі өнім 288 млрд долларды құрады. Шикізаттық
емес салалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда. Тек өткен жылы өңдеу
өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 трлн теңгенің 180 инвестициялық жобасы іске
асырылды. Президент тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту қолға
алынды. Соңғы алты жыл ішінде елге тартылған 130 млрд доллар тікелей шетелдік
инвестициялардың жартысынан астамы өңдеу өнеркәсібіне салынған. Осылайша,
өңделген өнім экспорты артты. Мәселен, 2024 жылы сыртқы нарықа 81 жарым млрд доллар
шамасында қазақстандық тауар жеткен. Оның 29 млрд долларға жуығы өңделген өнімдерге
тиесілі. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары.
Сондай-ақ, ірі көлік-логистикалық жобалары еліміздің
экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, 2019 жылдан бері теңіз
көлігі арқылы тасымалдау көлемі 20%-ға өсті. Осы арада Транскаспий халықаралық
көлік бағыты бойынша қазақстандық өнім экспорты 12 есеге, ал транзит көлемі 6
есеге ұлғайды. Осы ретте Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайтып, бұл бағытта
Орталық Азия елдері арасында көш бастап келетінін де айта кеткен жөн. Соңғы бес
жылда инновациялық өнім көлемі екі есе артып, 1,1 трлн теңгеден 2,4 трлн теңгеге
дейін өсті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

