Үкіметте Қазақстандағы инновациялардың дамуы талқыланды

Үкіметте Қазақстандағы инновациялардың дамуы талқыланды

Қазақстанда инновациялық экономиканы дамыту бойынша жұмыс күшейіп келеді. Жазға дейiн республиканың барлық кәсiпорындарына кешендi зерттеу, түгендеу жұмысы жүреді. Олардың технологиялық даму деңгейі және инновациялық белсенділігі бағаланады. Тиісті тапсырманы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты. Жұмысты 1 маусымға дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, министрлер кабинеті жанынан инновациялық штаб құрылады. Ол саланы үйлестірумен және технологиялық басымдықтарды айқындаумен айналысады, сондай-ақ идеяларды әзірлеуден өндіріске енгізуге дейінгі бүкіл инновациялық экожүйені біріктіреді. Бұған қоса, 1 шілдеге дейін озық жобаларды сүйемелдеу үшін «бір терезе» цифрлық платформасын іске қосу жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- 2035-ші жылға қарай инновациялық өнімдердің үлесін жалпы ішкі өнімнің 3% дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет. Бізге жекелеген идеялар мен тәсілдер емес, инновациялардың өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға нақты үлес қосқаны қажет. Сонымен қатар әзірлеушілер, технологиялар және әлеуетті инвесторлар туралы мәліметтерді қамтитын инновациялық жобалардың жалпыға қолжетімді ұлттық тізілімін құру қажет.

Сондай-ақ отандық кәсіпорындарда цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп жатқаны атап өтілді. Олардың қатарында деректерді талдау, жасанды интеллект элементтері, машиналық көру жүйесі және өнеркәсіптік роботтар бар. Соңғы аталғаны өткен жылы 300-ден астам өндірісте орнатылған. Бұл ретте жаңа технологияларды енгізуге ғана емес, орнықты ғылыми база құруға назар аударылмақ. Осылайша, ғылыми аумақтар құру жөніндегі тұжырымдаманы іске асыруға серпін беріледі. Бұл Курчатовтағы ғылым қалашығы, сондай-ақ Алматы мен Астанадағы екі технологиялық паркті қамтиды. Бұдан бөлек, Қазақстанда зерттеу инфрақұрылымын дамыту және арнайы эндаумент-қорын іске қосу жоспарланған, осылайша, ғалымдар мен инновациялық жобаларды қолдаудың жаңа жүйесі қалыптаспақ.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Инфрақұрлым шеңберінде қазір 303 ғылыми зертхана 62 коммерцияландыру орталығы жұмысқа ендірілді. Сонымен қатар, қаржылық мүмкіндіктер кеңейтілуде. Ғылымды қаржыландыруға өндірісті тарту үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді. Арнайы заң қабылданып, жаңа модельмен эндаумент қор құрылды. Оған қазіргі таңда 2 млрд теңге тартылды. Әрі қарай 10 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлауда. Бұл экожүйенің оқшау емес, Астана хаб, және әлем.АІ жасанды интеллект орталығымен тығыз, өзара іс-қимылда қалыптасып жатқаны ерекше маңызды. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?