2024 жылғы маңызды саяси оқиғалар

2024 жылғы маңызды саяси оқиғалар

Биыл маңызды саяси оқиғаларға толы жыл болды. Елімізде халықаралық саммиттер мен форумдар өтіп, Қазақстанға әлемдік көшбасшылар сапармен келді. Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Олардың қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Түркі мемлекеттері ұйымы, Аралды құтқару халықаралық қоры және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы бар.


Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы

                               

- Қазақстан аталған төрағалықтардың барлығын абыроймен өткізіп, олардың барысында нақты істер қолға алынды. Бұған Орталық Азия елдерінің саммиті айқын дәлел. Яғни, 9 тамызда консультативтік кездесу ұйымдастырылды. Оның аясында аймақтың 2040 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы сияқты бірқатар маңызды құжат қабылданды. Яғни, ол өңірдің болашақ дамуы мен оның сыртқы ойыншылармен өзара іс-қимылын айқындайтын ауқымды әрі кешенді бағдарламаны қамтиды.


Усмонзода Хайриддин, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:

 

- Тәжікстан үшін биылғы жылы Қазақстанның ШЫҰ басшылығына қосқан үлесі өте маңызды болды, себебі тұрақты даму мәселелеріне, оның ішінде экологиялық проблемаларға көбірек назар аударылды.

 

Қазақстан халықаралық сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға әрдайым ұмтылып келеді. Бұл бағыттағы нақты қадамдардың дәлелі – Мемлекет басшысының шетелге сапарлары барысында қол қойылған екіжақты құжаттар. Тек биылғы жылы Қасым-Жомарт Тоқаев 20-дан астам сапар жасап, 600-ден астам кездесу өткізді. 2024 жыл Президенттің Италияға сапарынан басталып, Ватикан, Катар, Татарстан, Әзербайжан, Қытай, Өзбекстан, Армения, Ресей, Сингапур, Франция, Сербия және тағы басқа елдерге барумен жалғасты. Сонымен қатар, Қазақстанда да бірқатар мемлекет басшыларын қабылдады.


Неміс сарапшылары Қазақстанды әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын елдер қатарына қосты. Германияның «Ғылым және саясат қоры» республикаға «Орта держава» мәртебесін берді. Елдің ядролық қарудан бас тартуы, келіссөздер алаңын ұсынуы, гуманитарлық көмек көрсетуі және БҰҰ аясындағы бітімгершілік бастамалары Қазақстанның әлемдік ойыншы ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етті.

Нико Шермерс, Нидерландының Қазақстандағы елшісі:

- Қазақстан БҰҰ-ның көптеген құрылымдық бөлімшелерінің аса маңызды ойыншысы. Мысалы қазіргі таңда БҰҰ  адам құқықтары жөніндегі Кеңеске Қазақстан Нидерландымен бірге тең төрағалық етуде.  Біз көпжақты дипломатияны ұстанатын Қазақстанды өте маңызды әріптес ел ретінде көріп отырмыз. Қазақстан халықаралық деңгейдегі беделін одан әрі арттырып, көпқырлы саясатын нығайта түседі.

Қазақстан жаһандық өзгерістер мен қауіп-қатерлерге жедел әрекет етеді. Биыл күн тәртібінде климаттық мәселелер басты назарда болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырып бойынша өзекті ұсыныстарын Бакуде өткен СОР 29 саммитінде және Франциямен бірлесіп ұйымдастырылған One Water Саммитінде айтты. Аталған бастамалар әлемдік қауымдастықты ортақ проблемаларды шешуге біріктіруге бағытталған.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?