Ақордада Қырғыз Республикасы Президентінің құрметіне салтанатты қабылдау өтті. Құрметті қарауыл сап түзеп, екі елдің әнұраны орындалды.
Салтанатты рәсімнен соң, мемлекет басшылары шағын қрамда кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастауының маңызы зор екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанға қош келдіңіз, деп айтқым келеді. Сапарыңыз өте маңызды. Өзіңіз президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапармен Қазақстанға келіп отырсыз. Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет деп есептейміз. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айрықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасқа үлкен серпін береді деп сенеміз. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы кең ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз, тиісті келісімдерге қол жеткіземіз!
Өз кезегінде, Қырғызстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтің өлең жолдарымен жеткізді.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Құрметті, Қасым Жомарт Кемелұлы, сіздерді Қазақстан жеріне келіп кетуге шақырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздермен аман-есен көрісіп отырғаныма өте қуаныштымын. Қазақ-қырғыз бір туған елміз. Бір туғаншылығымызды қазақтың ұлы ақын жазушысы Жұбан Молдағалиев өлең жолдарында айтып кеткен:
Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным,
Бірге тартқан тарланның құйысқанын.
Анамыз да қара көз бір қыз,
Бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын.
Кездесу барысында тараптар екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.