Көмірден органикалық тыңайтқыштар өндіретін зауыт, сондай-ақ жүн мен иірімжіп шығаратын кәсіпорындар. Қазақстанда осы және басқа да бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Тек бір ғана пулға барлығы осы текті 761 бастама кірген. Олардың жалпы құны 24 триллион теңгені құрайды. KazakhInvest деректері бойынша, бұл қаржыны отандық және шетелдік инвесторлар өндірістер, логистика, бизнес-орталықтары, қонақ үйлер және басқа да жылжымайтын мүлік салу үшін құюға ниетті. Биыл олардың 60-қа жуғын қолданысқа тапсыру көзделген.
Мейіржан Юсупов, Kazakhinvest Басқармасының Төрағасы:
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестициялық жобаларға қоғамдық мониторинг жүргізу үшін біз Сыртқы істер министрлігімен, салалық ведомствалармен бірлесіп, бұған қоса, әкімдіктердің көмегімен инвестициялық жобалардың бірыңғай пулын құрдық. Салаларға қатысты айтсам, агроөндірістік кешен, машина жасау индустриясы, туризм, көлік және логистика, мұнай-газ химиясы, фармацевтика салаларына тиесілі жобалар бар. Яғни, біздің ел үшін маңызды әрі басым бағыттағы барлық салалар қамтылған. Өңірлер толықтай қатысады. Ол үшін тек ірі шаһарларды таңдау міндет емес. Шағын қалаларға басымдық бердік. Кейбір жобалар кен орындарының маңайында жүзеге асырылады.
2021 жылы еліміздің аймақтарына екі жүзге жуық шетелдік бизнес-делегация келді. Инвесторлар жергілікті аумақтағы жобаларды дамыту әлеуеті, қолда бар инфрақұрылым және логистикалық мүмкіндіктермен таныстырылды.
Мейіржан Юсупов, Kazakhinvest Басқармасының Төрағасы:
– Біз жобаларды бастан-аяқ сүйемелдейміз. Әкімдіктермен, министрліктермен кездесулерде демеу жасап, тиімді деген әлеуетті инвестициялық алаңды іріктеуге көмектесеміз. Осындай кешенді жұмыс жүргізіледі.
Айта кетейік, бытыр Қазақстанда 57 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Автор: Жеңіс Ермұқанов