2022 жылы Қазақстанда 400 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады

Биыл Қазақстанда 400 мыңнан астам балғын алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау аяқталды, деп хабарлады елдің оқу-ағарту министрлігі.  Еске салайық, 1 сәуірден басталған науқан  төрт ай  жалғасты. Салалық ведомствоның мәліметінше, өтініш бергендердің 70% мемлекеттік тілді таңдаған. Бұл ретте, қазақ тілді сыныптарда балаларды барынша қамту Қызылорда, Ұлытау, Маңғыстау және Жамбыл облыстарына тиесілі болды. Ендігі мақсат - мектептер сыныптарды барлық керек-жарақпен жабдықтап, оқу үрдісін талапқа сай ұйымдастыруы керек. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда мектепке 6 жастан бастап, сондай-ақ жыл соңына дейін алты жасқа толатын балалар қабылданады.

Жомарт Қарамбаев, ҚР оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары:

– Құжаттарды қабылдау рәсімі толық автоматтандырылған.  Ата-аналардың құжаттарды дәстүрлі және онлайн форматта тапсыру мүмкіндігі болды. Биыл өтініштердің 80%-тен астамы электронды үлгіде келіп түсті.  Бұл орайда айта кету керек, көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Бүгінгі таңда бірінші сынып оқушыларының ең көп саны бес облыста тіркелген. Бұл Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды өңірлері. Сондай-ақ,  Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сынды республикалық маңызы бар үш қалада бірінші сынып оқушыларының қатары басым.   

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов