Оның аясында осы салада уәкілетті органның функцияларын орындайтын Бас прокуратураның құрылымында жеке ведомство құрылмақ. Сондай-ақ шет елдерде кеңінен қолданып келетін азаматтық тәртіпте активті тәркілеудің жаңа институты енгізілді. Жалпы құжатта активтерді шығаруға қатысты құқық бұзу деректері мен оған ықпал еткен жағдайларды анықтау және оның жолын кесу, тергеу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту көзделген. Яғни елдің экономикалық ресурстарының заңсыз шоғырына жол бермеудің амалдары қарастырылған. Ең бастысы қайтарылған қаражатты ел игілігі үшін жұмсау жағы ескерілген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қайтарылған активтер Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруды көздейті әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін қолданылады. Жалпы мақұлданған заңдар әділетті Қазақстан құру жолында жасалған тағы бір нақты қадам екені сөзсіз. Бұл заңдар Мемлекет басшысының елдік мүддені көздеген бастамасын іске асыру мақсатымен әзірленді.