ЕАЭО елдерінің ортақ газ нарығын қалыптастыру, өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржыландыру көздері мен тетіктері, сондай-ақ, одақ ішіндегі көлік логистикасы мәселелері. Осы және өзге де тақырыптар Бішкекте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында талқыланды. Оған Қазақстан Президенті де қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, интеграциялық блоктың 5 жылдағы тауар айналымы шамамен 73 миллиард долларды құрады. Биылғы жылдың соңғы 10 айында еліміз 23 миллиард долларлық сауда жасаған.
«Бірлескен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда, өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесі артып келеді. Мұндай оң үрдіс өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және интеграциялық әріптестігіміздің елеулі әлеуетін айқын көрсетеді»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО аясында халықаралық экономикалық әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Президенттің айтуынша, одақтың сыртқы сауда мүддесі жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл жағымды тенденция және Қазақстан бұл бағытты қолдайды. Мемлекет басшысы қазір жеңілдік келісімшарттар бекітілген әріптестер арасындағы өзара әрекеттердің сапасын арттыруға зер салу керек екенін атап өтті. Атап айтқанда, бұл Вьетнам, Сербия, Иран елдері. Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан, Египет, Индонезия, Израиль елдерімен арадағы еркін сауда аймағы туралы келісімдер жөніндегі жұмыстарды да жылдамдату керектігіне тоқталды.
«Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келіссөздің басталғанын құптайды. Бұл бастаманы айтарлықтай перспективалы және еуразиялық бестіктің бәрінің мүддесіне сай деп есептеймін. Енді осы үдерісті созып алмау маңызды»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.