2021 жылы қазақстандықтарды қандай жаңашылдықтар күтеді?

Кәсіпкерлерге арналған салықтық жеңілдіктер мен жаппай декларациялау. Биыл қазақстандықтар үшін тағы қандай жағымды өзгерістер орын алады? Бұл жөнінде экономист Арман Байғанов Qazaq TV арнасына берген сұхбат барысында әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшіне енген заңнамалардағы өзгерістер мен толықтырулар ең алдымен ел халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Мәселен, азаматтар зейнетақы қорында жинақталған қаражаттың бір бөлігін баспана алумен қатар, денсаулығын жақсартуға жұмсай алатын болды. Рұқсат етілген соманы отбасы мүшелері мен жақын туыстарының еміне аударуға болады. Биыл бұл мүмкіндікті 721 мыңнан астам қазақстандық пайдаланып, кәдесіне жарата алады.

Сондай-ақ, биылдан бастап жаппай декларациялау басталды. Ол үшін бекітілген бірыңғай қағидалар кезең-кезеңмен енгізіледі.

Сарапшының пікірінше, мұндай шара әлеуетті экономика құрушы елдер үшін керек. Сондықтан бұл үрдісті ел тұрғындары еш алаңдамай қабылдауы тиіс. Оның қаупі жоқ дейді, маман.

Айтуынша, әлемдік тәжірибеде жеке мүлік пен кірісті декларациялау – көлеңкелі бизнеспен күресудің тиімді жолдарының бірі.

АРМАН БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИКА БОЙЫНША САРАПШЫ:

Ең алдымен жаппай декларациялауға қатысты өзгерістер кезең-кезеңмен орын алатынын айтқым келеді. Яғни, бірінші кезекте декларациялау мемлекеттік қызметшілер арасында болған еді. Ендігі науқан олардың жұбайларына, жақын туысқандары мен мемлекеттік компанияларға қатысты өтеді. Сәйкесінше, өз кезегінде 2023 жылы жаппай декларация барша халықты қамтитын болады. Екінші бір айта кетерлігі, шекті күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері артатын болады. Бұл – экономиканы тұрақтандырып, қарқынды дамыту үшін дер кезінде қолға алынған шара.

Айта кетейік, биылдан бастап айлық есептік мөлшері – 2917 теңгені құрайды. Ал жалақының ең төменгі деңгейі бұрынғыдай 42 500 теңге көлемінде қалмақ. Зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 43 272 теңгеге дейін жетті. Күнкөрістің шекті деңгейі 34 302 теңгеге өскен. Сондай-ақ жыл басынан зейнетақы төлемдері 7 процентке артқан.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов