Энергетика министрі: АЭС салу – әлеуеті зор шешім

Энергетика министрі: АЭС салу – әлеуеті зор шешім

Қазақстан 2035 жылға қарай елдегі электр қуатының 6% генерациясын атом энергетикасына айналдыруға ниетті. Бұл елдің қуат көзіне қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергетика министрі Болат Ақшолақов арнайы брифингте осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанда бұл үшін барлық алғышарт пен әлеует жеткілікті.

Өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде көш бастап тұрмыз. Оны изотопты байыту бойынша қызметтер қолжетімді. Яғни өзімізде ядролық отын шығарылады. Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында 3 ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді. Елдің атом өнеркәсібінде 24 мыңға жуық адам еңбек етеді. 2010 жылдан бері ядролық және техникалық физика бағыттары бойынша 3 мыңға тарта маман даярланды.

Бұған қоса, өткен аптада Ресей мен Қазақстан президенттері ресейлік жоғары оқу орындарында осы саланың кадрларын даярлау жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Министр бұл орайда бүгінде Еуропалық Одақ атом энергетикасын «жасыл» технологиямен теңестіру мәселесін қарап жатқанын тілге тиек етті.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

- Электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттілігін, сондай-ақ өндірістік қуаттардың тозуын, Қазақстанның көміртекті бейтараптық бағдарламасын қабылдауын және атом энергетикасын дамытудағы зор әлеуетін ескере отырып, біздің ойымызша, елімізде атом электр станциясын салу неғұрлым тиімді әрі перспективті шешім болып көрінеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов