2020 жылы Қазақстан экономикасының нақты секторы 2% өсті. Бұл COVID-19-ға байланысты қатаң шектеу шараларына қарамастан мүмкін болды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.
Оның айтуынша, бюджеттің басым бағыттары төтенше жағдай кезінде азаматтарды және нақты секторды қолдауға, іскерлік белсенділікті сақтап қалуға арналған шараларға жұмсалды.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Экономикалық өсім және оны қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар қабылданды. Зардап шеккен салаларда шамамен 700 мың кәсіпкер салықтық ынталандыру мен жеңілдік шараларымен қамтылды. Шағын және орта бизнес кредиттері жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландырылды. 40 мыңға жуық жобаға арзандатылған кредиттер берілді. Зардап шеккен салаларда қарыз алушылардың 80% кредиттер бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін алды. Осы шаралар жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал етті.
Сала басшысы бюджет түсімдері 100,3% орындалып, 12 трлн 49 млрд теңгені құрағанын жеткізді. Сондай-ақ әлеуметтік шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда ұлғайып, 6,6 трлн теңгені құраған. Министр бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 47% құрайтынын атап көрсетті.
Авторы: Ақзер Сегізбай