ҚР Ұлттық Банкі икемді бағам белгілеу саясатын жалғастырады

ҚР Ұлттық Банкі икемді бағам белгілеу саясатын жалғастырады

Сырттан болған қатерлердің теріс салдарын барынша төмендету мақсатында ҚР Ұлттық Банкі нақты шаралар кешенін қолға алды. Бұл туралы қаржылық реттеуші мекеменің басшысы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында мәлім етті. Оның айтуынша, геосаяси тәуекелдер және әлемдегі сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі, бағамның әлсіреуі инфляцияның барынша жоғары динамикасының басты себебіне айналады. Сол үшін теңгедегі активтерді қорғау қажет болды. Сонымен қатар, бағамның негізсіз құбылуына байланысты жекелеген күндері валюталық интервенциялар жүзеге асырылған. Бір ғана ақпан айында оның көлемі 273 млн доллардан асып түскен. Ұлттық қор қаржысын конвертациялау операциялары да теңгеге демеу болды.

Наурыз айының басында қосымша санкциялардың салдарынан ресейлік рубльдің әлсіреуі теңгеге қысымды күшейте түскенін атап өту керек.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:

- Қолма-қол шетел валюталары нарығында неғұрлым нарықтық бағам қалыптастыруды қамтамасыз ету мақсатында, Ұлттық Банк айырбастау пунктері арқылы теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін кеңейту бойынша түзетулер әзірледі. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдерінің алдын алу және алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету мақсатында ҚР Президентінің жарлығымен елден қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы 10 мың доллардан жоғары ақша құралдарын, салмағы 100 грамнан асатын алтын құймаларды, аффинирленген алтынды алып кетуге шектеулер енгізілді. Бұл шетел валютасының шамадан тыс шығарылуын және Ұлттық Банк резервтерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.

Соңғы күндері төл валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 512 теңге шамасында байқалып отыр. Екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық Банк Қазақстанға қолма-қол шетел валютасын жеткізу іс-шараларының барлық тізбесін қабылдауда. «Алдағы уақытта икемді бағам белгілеу саясаты жалғастырылады. Бұл серпілістерді реттеп, резервтерді орынды пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Ғалымжан Пірматов.