Кітаптар көрмесі, өлең оқудан жарыс, балалар жазушыларының кездесулері және жасөспірімдерге арналған басылымдардың тұсаукесерлері. Еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасында «Бала Time» атты балалар кітап фестивалі өтті. Шара екі бірдей мерекеге – Халықаралық балаларды қорғау күні және Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына арналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шығармашылық шаралар өскелең ұрпақтың жаңа танымға деген ұмтылысы мен сүйіспеншілігін арттыруға көмектеседі.
Үмітхан Мұңалбаева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰАК бас директоры:
- Бүгінгі күнді болашақтың мерекесі деуге болады. Биылғы жыл «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды. Сондықтан қоғамның назарын балалардың мәселелеріне аудару үшін барлығы жасалуда. Кітап оқуды насихаттау – кітапхананың тікелей міндеті. Сол себепті бүгінгі балалар қандай кітап оқитыны, олардың сауаттылық деңгейі қандай екені сынды мәселелерге назар аудару маңызды. Сол мақсатта біз оқырман аудиториясына балаларды тартып, келешек оқырмандарымызды дайындаймыз.
12 жастағы Рәзия әдеби шығармаларға бала кезінен әуес. Ол 5 жасынан бастап кітап оқып, талай қызықты оқиғалар әлемін ашқан. Содан бері ол өз қиялындағы кейіпкерлерін оқырмандарға таныстыруды армандап келді. Бүгін сол арманы орындалды. Кішкентай Рәзия ертегілерден тұратын өз кітабын көпшілікке таныстырды.
Рәзия Ақпар, жазушы:
– Менің ойымша, кітабым басқалардан мүлдем өзгеше. Біріншіден, ол менің суреттеріммен безендірілген. Мен сурет салғанды ұнатамын. Кітап оқу маңызды, бұл адамның көру қабілеті мен логикасын жақсартады. Мен бұл күнді асыға күттім және өте бақыттымын.
Кітап фестивалінің аясында белгілі жазушылар, балалар әңгімелері мен ертегілерінің авторлары жас қаламгерлермен тәжірибе бөлісіп, мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Авторы: Ақзер Сегізбай