11 айда Қазақстан экономикасының өсімі 6,4%
құрады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкімет отырысында талқыланды. Нақты
өнім секторы қызмет көрсету саласынан 8% артық. Ауыл
шаруашылық саласы 6% астам өсімге қол жеткізген. Негізгі өсім драйверлері
қатарында көлік тасымалы, құрылыс және өнеркәсіп бар. Экономикалық өсімнің
маңызды тетігі инвестиция болып қала бермек. Тиісінше, негізгі капиталға
салынған қаржы көлемі 13%-тен жоғары, яғни, 18 трлн теңгеден асқан. Оң сауда
балансы да сақталып келеді, бұл экономиканың тұрақтылығын айғақтап, алдағы
дамуға негіз болмақ.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика
министрі:
- Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларды
құрады. Тауарлар экспорты 64,6 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың
экспорты 23,3 млрд долларды құрады. Тауарлардың импорты 51,7 млрд доллар. 12,9
млрд доллардан аса көлемде оң сауда балансы сақталады.Өңдеу өнеркәсібіндегі
өндіріс 5,9%-ға өсті.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов сала басшыларына бірқатар
міндеттер жүктеді. Ауылшаруашылығында жергілікті өндіріс пен шикізат өңдеу
бағыттарын ынталандыру, өнеркәсіп саласында инвестиция көлемін қайта қарастыру,
жаңа технологияларды меңгеру және локализация деңгейін арттыру, әрі экспорттық
әлеуетті кеңейту қажет.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Биыл жаңа өндірістер
іске қосылып, бұған дейін ел аумағында өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады.
Өнеркәсіп, Қаржы министрліктеріне «Самұрық-Қазына» қорымен және Монополияға
қарсы ведомствомен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу аясында ұқсас импорттық
тауарларды алып тастау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл отандық тауар
өндірушілерге қосымша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Өнеркәсіп
министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін келесі жылға
арналған жобалардың жаңа тізімін қалыптастыруды аяқтауды тапсырамын.

