Биыл Қазақстанда қара металдарды өңдеу бойынша алты жоба іске қосылады. Олар Шымкент, Қарағанды, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында пайда болады. Бұл туралы брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов хабарлады. Оның айтуынша, бұл жобаларды іске асыру металл өнімдерінің, оның ішінде ферроқорытпалар, құрылыс арматуралары мен болат дәнекерленген құбырлардың отандық өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы 2021 жылы өңдеу өнеркәсібінің 6% өсімі болжануда. Сондай-ақ жауапты сала басшысы елімізде химия өнеркәсібі саласында үш жаңа жоба іске қосылғанын хабарлады.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдылық даму министрі:
- Химия саласында физикалық көлем индексі саланың ірі кәсіпорындарының өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен 102% деңгейінде болжануда, олардың үлесі 57% құрайды. Біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі тыңайтқыштарын өндіру көлемін 16%, аммофосты 15%, аммиак селитрасын 10%, хром қосылыстарын 13% арттыруды жоспарлап отырмыз.
Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, республикадағы барлық саланың дамуына арнайы экономикалық аймақтарда жасалған жағдайлар оң әсер етеді. Жыл басынан бері онда 285 млрд теңге сомасына 9 жоба іске асырылды. Олар елімізде IT-өнімдер, сондай-ақ тоқыма және медициналық бұйымдар өндірісін жолға қоюға мүмкіндік берді.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдылық даму министрі:
- Қазіргі уақытта біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы экономикалық аймақ тиімділігін арттыру тәсілдерін әзірлеп жатырмыз. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға баса назар аударылады. Жергілікті қамтуды одан әрі дамыту жолдары жетілдірілуде. Ол үшін тиісті заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Жер қойнауын пайдаланушылармен сатып алуда жергілікті қамту үлесінің ең төмен деңгейінің талаптарын сақтау бойынша ерікті келісімдер жасалады.
Авторы: Ақзер Сегізбай