Қазақстанда 2024-2026 жылдары 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Олардың жалпы көлемі шамамен 2 жарым текше шақырымды құрамақ. Бұл көршілес мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділікті орта есеппен 25% төмендетуге ықпал етеді. Сондай-ақ суармалы жерлердің көлемін 250 мың гектарға ұлғайтады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, бүгінгі таңда Қазақстанның су қорының 46% сырт елдерден келеді. Тіршілік көзі қауіпсіздігі мен тапшылығын шешу қамында салалық ведомства 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Ол су қоймаларын салу және күрделі жөндеу, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық құбырларды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шараларды қамтиды. Жыл сайын 150 мың гектар суармалы алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу көзделіп отыр. Бұл ретте тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алу шығыстарын субсидиялау үлесін 50% тен 80% дейін арттыру жоспарланған. Кешенді жоспарды іске асыру су ресурстарын 3,7 текше шақырымға, ал суармалы жер көлемін 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, егіндік судың жыл сайынғы шығынын 3 текше шақырымға азайтуға мүмкіндік береді.