«Жұлдыз ізі»: Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрме

Заманауи графика мен кескіндеме, гобелен иммитациясы және анималистикалық жанр. Мұның бәрі – жас қылқалам шеберлерінің туындылары. Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жұлдыз ізі» атты көрме ашылды. Онда елордалық жас суретшілердің жұмыстары қойылған. Тақырып «Отанға деген махаббат» болғанымен, елге деген сезімдерін әрбірі өзінше білдірген. 

Любовь Тоқтабекова, суретші, Нұр-Сұлтан қ. жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы:

- Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан жоғары политехникалық колледждің көрме композициясын дәл осы «Әжелер, немере» жұмыстар топтамасы ашып жатыр. Яғни бұл арқылы өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылық қасиетін ұялатуды көздейміз. Осы еңбекті оқу орынның бұрынғы түлегі жасап шығарды. Майлы бояу техникасын қолданған. Кейінгі туындылар студенттердің қолынан шыққан. Шамамен 50-ге жуық жұмыс ұсындық. Барлығы түрлі мәнерде жасалған. Олардың бірі – гобелен.

Суретші, ұстаз Любовь Тоқтабекованың айтуынша, гобелен имитациясы техникасында қолданылатын жүн және жіпппен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Мәселен, бір ғана еңбекті дүниеге әкелу үшін шебер 2 ай бойы тынбай еңбектенуі керек. Ал кейбір туындыларды жалғыз жасау мүмкін емес. Көптің қолы қажет. Көркем өнерге енді аяқ басқан жас шеберлердің жұмысын 1 ай бойы тамашалауға болады.

Қайрат Ахметов, Нұр-Сұлтан қ. бірлескен музейлері дирекциясы директорының орынбасары:

- «Мәңгілік ел» салтанат қақпасында ай сайын түрлі көрмелер ұйымдастырылады. Алдағы қала күніне орай және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы көркемөнер иелерінің үздік жұмыстарын қоюды жоспарлап отырмыз. Қазір өтіп жатқан және жалпы осы тектес шараларды егеменді елдің мерейлі датасына арнап отырмыз. Көрме 1 ай жалғасады. Біз өнер ордаларымен тығыз әріптестік орнаттық. Олар өз еңбектерін ұсынумен қатар, студенттері бізде 2 айлық тәжірибеден өтеді.

Елордалық политехникалық колледж студенттерінің еңбектері ұсынылған көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрады. Тәлім алушылардың дені – түрлі деңгейдегі халықаралық байқаулар және арт-фестивальдердің  жүлдегерлері мен жеңімпаздары.