Эстониялық танымал слэклайнер Яан Роосе Қазақстандағы әйгілі Бозжыра шатқалындағы қос «азудың» арасын жалғаған аспалы арқан жолмен жүріп өткен алғашқы адам. Ол жер бетінен екі жүз метр биіктікте жарты шақырымдық қашықтықты бағындырды. Спортшы ол үшін 5 күн уақытын жұмсаған. Шетелдік экстримал басты мақсатым Бозжыраның туристік мүмкіндігін жаңа қырынан паш ететін ерекше бейнеролик түсіру болды дейді.
Жер бетіндегі табиғаттың таңғажайып көріністерінің бірі елдің батысындағы Маңғыстау өңіріндегі Үстірттің «Бозжыра» шатқалын көргенде көрмегенде арманда. Бұл талай жанды өзінің сұлулығымен таң қалдырып, баурап алған мекенді жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист тамашалауға келеді. Алайда, олардың біріде Бозжыраның әйгілі қос аузын бағындыра алмай кетті.
Яан Роосе, слэклайнер /Эстония/
Бозжыра мен үшін үлкен сынақ болды. Ол менің өмірімдегі ең күрделі, әрі әдемі жобалардың бірі. Суреттерін көргенде қайран қалып едім. Оны міндетті түрде бағындырамын деген мақсат қойдым. Ойымды техникалық жағынан сауатты да, қауіпсіз етіп ұйымдастырудың жолын жоспарладық. Көптеген жылдар бойы Бозжыраның аузына адам аяғы баспаған. Біз ол таңғажайып жерге алғаш болып шықтық. Бұл жерді миллиондаған жылдар бұрын теңіз суы шайып жатты. Оның жұрнағы тек ежелгі теңіз жануарларының тасқа айналған қалдықтары. Біз бір мезгілде биіктікте және тарих өлшемімен көне теңіздің түбінде жүрдік.
Яан Роосе - әлемнің үш дүркін чемпионы, жаһандық деңгейдегі талай рекордтың иесі, ең айрықша локацияларды бағындырған тұлға. Бұл жетістіктерін толықтыра түсуге Маңғыстау өңірінің тылсым мінезді табиғаты кедергі бола жаздады. Кезекті белесті бағындыру үшін Яан мен оның командасына асқан шыдамдылық пен күш-жігер жұмсауға тура келді.
Яан Роосе, слэклайнер /Эстония/
Жолдың басынан-ақ, біз ойлағандай болмайтынын түсіндік. Аса күрделі сынақ болды. Әрбір қимылымызға уақыт жоспарлағаннан да көбірек жұмсалды. Бір әрекетті орындау үшін бірнеше рет оқталуға тура келді. Арқанды тарту оңайға соқпады. Түнде де тоқтамай жарық жағып аспалы жолды орнаттық. Күндіз қатты ыстық, кеш түсісімен қатты жел соғып тұрды. Бастысы 500 метр қашықтықты бағындыру кезінде бір де бір тасқа зиянымыз тиген жоқ. Бәрі бізге дейінгі күйінде қалды.
Топ экологиялық қауіпсіз құрал жабдықтарды ғана қолданғандарын айтады. Жолдарының бір жағына тас толтырылған қаптарды төсеп тастаған. Ал екінші жағында жартасқа берік бекітілген арқан болды. Түсіру тобы сол арқанмен белдерін бекітіп, өз қауіпсіздіктерін де сақтады. Түсірілімнің өзі 50 градустық ыстық пен қатты жел жағдайында өтті.
Талғат Аманбаев, «Kazakh Torism» ҰК басқарма төрағасы
Роликті маусым айында түсіріп, енді ғана монтаждап жатқандары бөлек оқиға. Фильм туралы фильм түсірілім жұмыстарының қалай өткені, қандай қызықтар мен тосын жағдайлар болғанына құрылған. Ал оның ұраны «бір тал тасқа да зақым тиген жоқ»! Табиғатқа деген бұл құрмет біздің көңілімізден шықты, отандастарымызға да ұнайды деп ойлаймын. Бұл бізге жақсы үлгі.
Бозжыра шатқалы – Маңғыстау облысындағы демалушылар ең көп келетін жер. Ал аймақтың өзі Қазақстандағы болашағы зор туристік аумақтардың 10-дығына кіреді. Соңғы 2 жылда облысқа жарты миллионнан астам адам келіп, тылсым табиғатын тамашалаған.