Жаңа латын әліпбиі ұлттық комиссия қарауына ұсынылады

Жаңа латын әліпбиінің нұсқасы қаңтар айының соңында Ұлттық комиссияның қарауына ұсынылады. Бұл туралы арнамызға берген сұхбатында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба айтты.

Жаңа қаріпті қалыптастыру кезінде әліпбидің 40-қа жуық нұсқасы келіп түскен. Одан бөлек, негізгі әліпби қалыптасқанға дейін халықпен бірге 2 рет республикалық ашық талқылау, 2 рет халықаралық талқылау жұмыстары жүргізілген. Жан-жақты зерделеуден кейін барып, ғалымдар жаңа әліпбиге тоқталған.

ӘДІЛБЕК ҚАБА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ТІЛ САЯСАТЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Барлық талқылаулардан өткеннен кейін бұл әліпбиді біз Президентке ұсындық. Президент жақында осы әліпбиді қарап шығып, оны жалпы мақұлдады. Одан бөлек ертең жұмыс істей бастаған кезде біздің пернетақтамызда дайын болуы керек қой. Осы мәселелер бойынша жұмыс атқардық. Мінекей қазіргі уақытта әліпбиден бөлек, пернетақтасы да және емле ережелері де дайын. Енді осы айдың ішінде Ұлттық комиссияның қарауына ұсынылатын болады.

Жаңа латын әліпбиі мен оның емле ережелері қабылданғаннан кейін, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Тіл саясаты комитеті төрағасының айтуынша, бірінші кезекте оқытушылар арнайы дайындықтан өтпек. Айта кетейік, 2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын негізді қазақ әліпбиін жетілдіруді тапсырған болатын.